С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған «Х Торайғыров оқулары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
С. Торайғыровтың шығармашылығын жан-жақты талқылауға филология, саясаттану, философия салаларындағы сарапшы-мамандар мен Ұлыбритания және Канада ғалымдары жиналды.
Құрметті қонақтар қатарында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Николай Дычко, еңбек ардагері, ақынның ұрпағы Мұрат Торайғыров, сонымен қатар, аудандардан келген делегация мүшелері болды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, филос.ғ.к., Гаухар Ахметова өз сөзінде С. Торайғыров еңбектерінің негізгі идеясы адамгершілікке тірелетінін тілге тиек етіп, бұл қасиет болмаса, білімнің мәні жоқ екенін атап өтті.
«С. Торайғыров қазақ әжебиеті мен философиялық ойын байытумен қатар, әлемдік поэзияда орнын ойып алды. Университеттің мақсаты – ақынның еңбектерін зерттеп, әлем тілдеріне аудару», - дейді Г. Ахметова.
ЖОО ректоры бүгінде саяси және қоғам қайраткерінің есімі берілген университет ғалымдары ақынның мұрасын сақтау бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алғанын жеткізді. Биылғы жылы «Сұлтанмахмұт» энциклопедиясының тұсауы кесілді. Жаңа басылымға шамамен 2000 мақала енді, олардың 100 мақаласы мен төрт шығармасы бұрын-соңды жарық көрмеген. Сонымен қатар, биылғы жылы университеттің атсалысуымен Баянауыл ауданының Торайғыров ауылындағы ақынның мұражайы реэкспозицияланды.
Конференция барысында университеттің дамуы, шығармашылық және зерттеу қызметі, мәдени мұра мен ғылымды насихаттау ісіне үлес қосқан оқытушылық-профессорлық құрам, ПМУ департаменттері мен қызметкерлерін Алтын медальмен марапатталды.
Шара барысында «Мұрагер» студенттік театр бірлестігі «Қамар сұлу» шығармасынан үзінді сахналады. ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов жетекшілік ететін Р. Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің шағын концерті жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, С. Торайғыровқа арналған «Еске алу» әні алғаш рет шырқалды. Композицияның авторы, «Шаңырақ сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкалық жетекшісі – Асылбек Әбдікәрімов.