Май ауданының 80 жылдығына орай Көктөбе ауылында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мұрындық болуымен «Туған жер – ата-бабадан қалған ұлы мирас» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға бас-аяғы 350-ден астам азамат қатысты. Олардың қатарында Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев, С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова қатысты.
Конференция барысында сала мамандары Май ауданының тарихи мұрасы мәселесі турасында әңгіме қозғап, өңірдің рухани және тарихи жаңғыруының мән-маңызы жайында пікірлерін білдірді.
Г. Ахметова бұл кездесі университет пен аудан арасындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге сеп болатынын айтты.
«Жуырда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Май ауданының тарихы – қазақ халқының ұлы тарихының бір қыры», - деп атап өтті Гаухар Ғалымқызы.
Университет ректорының айтуынша, бүгінде жоғары оқу орнының ғалымдары қазақ-жоңғар соғысының орны, Қалмаққырылған тауының маңайында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіп жатыр. ЖОО, сонымен қатар, Май ауданының ірі шаруа қожалықтарыман тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Мәселен, «Ақжар-Өндіріс» ЖШС-мен бірге жебе қазақ жылқыларын өсіру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл қожалықтың базасында жылқы тұқымының жаңа үш түрі өсіріле бастады. Ауданда ешкілердің таулы Алтай мамық жүнді тұқымын өсіру бойынша республикадағы жалғыз асыл тұқымды ферма құрылды. Бүгінде мамық жүнді ешкінің саны 6 мың бастан асады.
Конференция қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Қатысушылар тарихи мұраны сақтау жұмыстарын күшейту мен өлкенің тарихын зерттеу бойынша ғылыми жобаларды әзірлеу жөнінде шешімге келді.
Көктөбе ауылының мәдениет үйінің дәлізінде ауданның тарихы, өңірдің дамуына атсалысқан тұлғаларға арналған көрме ұйымдастырылды. Шараға келгендер аудан оқушыларының шығармашылық жұмыстарымен танысты.
Конференцияның ресми бөлімі И. Байзақов атындағы облыстық филармониясы симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасына ұласты. Р. Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов пен симфониялық оркестрдің бас дирижері мен көркемдік жетекшісі Болат Рақымжанов, сондай-ақ, әртістердің бірлескен музыкалық номері көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.