С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Панфиловшылар» іздестіру жасағы өкілдерімен кездесу өтті. Жасақ мүшелері Ресейдің Тверь облысынан «Еске алу вахтасы-2018» шарасынан оралды.
«Еске алу вахтасы» Мәскеу және Тверь облыстарындағы 12 іздестіру жасағының қатысуымен «Наше наследие» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
«Панфиловшылар» жасағының құрамында командир Бақытжан Өтепов, өлкетанушы Марат Аменов, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Санжар Тоқымов, Әлібек Алтаев және Хазратияхёжон Әлімов болды.
2018 жылдың 26 сәуірі мен 7 мамыр аралығында іздестірушілер Тверь облысының Зубцов ауданының аумағында бірнеше учаскені зерттеді. Іздеу жұмыстары Рождество шатқалында жүргізілді.
Бақытжан Өтеповтің айтуынша, биылғы жылы Мәскеу өңіріне үшінші экспедиция ұйымдастырылды. Бұған дейін іздестіру жұмыстары Волоколамск және Можай аудандарында жүргізілді.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1942-1943 жылдар аралығында Тверь облысында болған кескілескен ұрыстарға 100-ші және 101-ші қазақ дивизияларының жауынгерлері қатысты. Соғыс даласында ержүрек солдаттардың 75 пайызы көз жұмды. Олардың қатарында павлодарлықтар да болды.
«Зерттеу барысында мәскеулік әріптестерімізбен бірге санитарлық жерлеу орнын таптық. Бұл жерден 42 белгісіз жауынгердің қалдықтары табылды. Батпақты жерлерді де тексеріп шықтық, бұл аумақтардан Ұлы Отан соғысына қатысты жәдігерлер табылды. Табылған сүйек қалдықтарының барлығы 21 маусымда Тверь облысының Никифирово ауылында қайта жерленеді», - дейді Б. Өтепов.
Алдағы уақытта отряд мүшелері ресейлік және белоруссиялық әріптестерінің шақыруымен «Мәскеу - Брест - Мәскеу» бронежорығына қатыспақ. Шара үстіміздегі жылдың маусым айында өтеді.
Маршруттың жалпы ұзындығы 2300 шақырымды құрайды. Сапар барысында 1941 жылы болған ұрыстардың аумақтары қамтылады.
Бір колоннада 15 әскери техника бірлігі жүріп өтеді. Олардың қатарында кеңестік көліктердің экспонаттары ғана емес, «Тайфун-К» К-53949 және «Тайфун-ВДВ» К-4386 заманауи көліктері бар.
Шараға Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Тәжікстан, Өзбекстан және Армения елдерінің өкілдері қатысады. Павлодарлық іздестіру жасақтарының өкілдері, сонымен қатар, тамыз айында Новгород облысында өтетін «Еске алу вахтасына» қатысады.