«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және қазақ халқының ұлы ойшылы, ақыны, тарихшы, шежірежі, Баян-Ертіс өңірінің тумасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160-жылдығына орай 2018 жылдың 5 мамырында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттік театр қойылымның «Адамжүсіп» пьесасының тұсаукесері өтті.
Бұл қойылым гуманитарлық-педагогикалық факультеттің негізінде құрылған «Мұрагер» шығармашылық студенттік бірлестігінің күшімен ұйымдастырылды.
Пьесаның авторы - филология ғылымдарының докторы, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Айтмұхамбет Қасымбайұлы Тұрышев.
Қойылым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тұлғасы мен шығармашылығының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін, өмірінің қызықты әрі шытырман оқиғаларын, драмаға толы белестерін ашатын жеті актіден тұрады. Ұлы ойшылдың өмірбаяны ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірінің қиын кезеңдерін шытырман оқиға үстінде көрсетілді.
Қойылымды көрермен ретінде тамашалауға университеттің оқытушылары, магистранттары, студенттері және қала тұрғындары мүмкіндік алды. Қойылым келген көрерменнің көңілінен шықты.
Қазақстан тарихы мен мәдениеті институтының директоры Қайрат Батталов: «Өнер арқылы біз жастардың санасына әсер етіп, халқымыздың руханиятын жандандыруға үлес қоса аламыз. Қазіргі жастар қазақ халқының руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұлғаларды білуі қажет. Осындай тұлғалардың қатарына ұлы ойшыл, ақын, қазақ фольклоры мен тарихының озық білгірі, шығыстанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жатады» - деді.
Қазақ тілі мен журналистика кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулина: «Қазақ ғұламасы Мәшһүр Жүсіптің тұлғасы мен мұрасын насихаттау жұмысына қатысып отырған «Мұрагер» шығармашылық бірлестігінің студенттерінің қадамдарына нұр жаусын деп тілейміз. «Адамжүсіп» пьесасының ерекшелігі – университеттің кәсіби актер емес студенттерінің күшімен ұйымдастырылуында. Олардың жұмысына жоғары баға беріп отырмын, көрерменнің қол соғып, қолдап отырғандығы осы бағамның дәлелі болып табылады» - деп атап өтті.