С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде павлодарлық ақын, қоғам қайраткері Ольга Григорьеваның 60 жылдық мерейтойы құрметіне «Коснулись сердца крылья строк» атты поэзия кеші өтті.
Шараға С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың «Вдохновение» әдеби клубы мен орыс филологиясы кафедрасы ұйытқы болды.
Кешке қатысушылар Ольга Григорьеваның өмірі мен шығармашылығы туралы әдемі әңгіме өрбітті, студенттер ақынның өлеңдерін оқыды.
Кездесу аясында кітапхананың көркем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Елена Лиханова ақынның жарыққа шыққан кітаптары, өлең жинақтары мен баспа бетіне жарияланған мақалалары, сондай-ақ, балаларға арналған еңбектері қойылған кітап көрмесімен таныстырды.
Поэзия мен музыкалық әуен үндестігінің әсері терең болады. Ольга Николаевнаның сөзі музыка әуеніне де шақ келе қалады. Сондай тамаша әндердің бірқатары кеш қонақтарының құлақ құрышын қандырды. Сонымен бірге, бұл кеште музыкалық колледж студенттері танымал «Por Una Cabeza» шығармасын орындады.
«Жыр жауһарлары қалай жазылады?» деген сауалға Ольга Николаевна жауап бере келе, өлең жазу үшін арнайы үстел басына отырмайтынын, жыр шумақтары үй жұмыстарын жасағанда, бақшада жұмыс жасап жүріп, ыдыс жуып жатқанда келетінін айтады. Ақынның айтуынша, оның ойына біріншіден әдемі әуен келіп, содан кейін ғана жыр сөздері ауызына түседі екен, осылайша, өлеңдері дүниеге келеді.
«Менің барлық жырларым жарық көрген жоқ, жеке өзімнің сезімдеріме қатысты өлеңдерімді мен өзіме қалдырамын», – деп бөлісті қонақтармен Ольга Николаевна.
Павлодарлық ақынның өлеңдерінің барлығы дерлік сұлулықпен, жарқын бейнелермен бедерленген, ал, сөздерінің терең пәлсапалық мағынасы уақытқа бағынбайды.
«Мен бүгін ерекше адаммен, бірегей ақынмен кездескеніме өте ризамын. Мұндай кездесулерден, қызықты адамдармен жүздескеннен, жаңа танысулардан рахат алуға болатынын түсіндім», – дейді журналистика кафедрасының студенті Анастасия Павлюк.
Кеш соңында Ольга Григорьева С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің кітапханасына өзінің өлеңдер мен эсселер жинақтарын сыйға тартты. Өз кезегінде ақынға павлодарлық ақындар мен ағартушылардың кітаптар сериясы тарту етілді.
Лирика мен салтанатқа толы болған кеш көптің есінде де, көңілінде де қалары сөзсіз.