«Ақерке, мен сені сүйемін!» фильмінің түсіру тобы Ертістің Павлодар өңіріндегі ең ірі жоғары оқу орны – С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің студенттерімен кездесті.
Бір жарым сағаттық әлеуметтік драма көрерменге 2012 жылы «қан обырына» шалдыққан Ақерке Жұрымбаеваның өмірі жайында сыр шертеді.
Түсіру тобының мәлімдеуінше, Ақерке шамамен бір жыл бойы өмір үшін арпалысты. Бұл уақыт аралығында ол өте ауыр да күрделі ем қабылдады.
«Ақеркенің еміне қаражат әлемнің әр бұрышынан келіп жатты», – дейді түсіру тобының мүшелері.
Ақерке өмірінің соңғы деміне дейін айықпас аурумен күресіп, 2013 жылы комаға түсіп, лимфобластық лейкоздан қаза тапты.
Ақеркенің құрметіне оның достары мен туыстары айтулы фильмнің түсірілу жұмыстарын бастап кетті. Басты рөлдерді тоғыз әртіс ойнап шықты, олардың қатарында Ақерке мен оның сүйіктісі Азаматтың рөлін ерлі-зайыпты жұп Айсаным мен Нұрлан тамаша сомдап шығады.
Кино ұймдастырушыларының ескеруінше, фильмді түсіру жұмыстарының барлық кезеңдерінде де қолғабыс берушілер әрдайым табылып отырды. Ал актерлердің жұмысына гонорар төленбеген. Фильмді жасауға қажетті қымбат әрі сапалы құрылғыларды түсіру мерзімінің басынан аяғына дейін берген азаматтар да болыпты. Түсіру тобының айтуынша, олар әрбір күні Ақеркенің қатысуы мен оның қолдауын сезініп жүрген.
1 ақпанда «Ақерке, мен сені сүйемін!» фильмінің прокаты Ақеркенің туған қаласы – Ақтөбеде шығады. Ал үлкен кинопрокатқа 2 ақпан күні жол тартады.
Туындының миссиясы қандай деген сауалға фильмнің режиссері Мейірім Арғымбаева былайша жауап берді: «Фильмнің прокатынан түскен қаржы қайырымдылық шараларына жұмсалады».
Сондай-ақ, топ өз туындыларының табысты шыққанына сенімді: «Прокатшылардың айтуынша, елімізде осы уақытқа дейін мұндай фильм түсірілмеген, сондықтан, «Ақерке, мен сені сүйемін!» яки өте табысты, яки сәтсіздікке ұшырайды. Ал үшінші нұсқасы қарастырылмайды да. Алайда, қандай жағдай болса да, бұл фильм – Ақеркеге деген шексіз құрметіміз бен сүйіспеншілігіміздің айғағы», – деді Нәзия Назарбек.