С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу қарсаңында бірқатар іс-шаралар өтті.
Университеттің әр факультетінде Тұңғыш Президенттің рөлін талқыға салған диалог алаңдары өтті.
Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінде өткен дөңгелек үстелде магистранттар Елбасының химиялық кластердегі білім саласының дамуына қосқан үлесіне арқау болған баяндамаларын оқыды.
Металлургия, машинажасау және көлік факультетінде техн.ғ.к., профессор, факультет деканы Төлеуғазы Тоқтағановтың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының даму негізі ретінде 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын талқылады. Сондай-ақ, факультеттің оқытушылары мен білім алушыларының назарына ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған көрме ұсынылды.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күндерін мерекелеу аясында өткен танымдық ойындарға қатысты.
Мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенттеріне қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі турасында т.ғ.к., профессор Роза Григорьева және т.ғ.к., профессор Нұрсұлун Мұсабекова әңгімелеп берді.
«Тәуелсіз дамудың 25 жылы ішіндегі еліміздің жетістігі халықтың Президент ретінде Н. Назарбаевты таңдауының дұрыстығына айғақ болады. Ол ел алдындағы антын толығымен орындап, жаңа, қуатты тәуелсіз Қазақстанның нығаюына бар күшін салды және сала бермек. Тұңғыш Президент күні Нұрсұлтан Әбішұлының елі алдындағы еңбегін тану мақсатында тойланып келеді», – дейді Нұрсұлун Мұқидинқызы.
Бұл күні гуманитарлық-педагогикалық факультеттің белсенді студенттері мен ұйымдастырушылардың мұрындығымен керемет мерекелік кеш өтті. Қатысушылардың баяндамаларынан кейін көркемсөз оқудың шеберлері өз өнерлерімен бөлісті, ұлттық әуезді әндер шырқалды.