С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Валерия Джембетова «Волонтер-2016» республикалық байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінді.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басталуына аз қалды, сол себепті, еліміз үшін маңызды шараға дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Дәл ЭКСПО-2017 еріктілері халықаралық көрме қонақтарын күтіп, қызмет етеді. Олардың қызығушылығын арттыра түсу үшін «Қазақстан жастар конгресі» 2016 жылдың ең белсенділерін анықтау мақсатында байқау өткізді.
Байқаудың қорытындысы бойынша С. Торайғыров атындағы ПМУ гуиманитарлық-педагогикалық факультетінің студенті, болашақ журналист Валерия Джембетова екінші орынды иеленді.
Валерия жеңісті сәтінде әңгімесін былайша өрбітті: «Маған волонтер болу туралы ұсыныс түскенде, мен екі ойлы сезімде болдым. Алайда, мен көмекке мұқтаж балалармен, мүмкіндігі шектеулі адамдармен кездескенде жайдарлы, өмірді шексіз сүйетін жандарды көрдім. Шын мәнінде, балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, қарттар үйінің тұрғындарымен кездескен әр сәт жаныма жылу сыйлады. Олардың әрқайсысының өмір тарихын, тағдырларының тәлкегін естіп-білгенде, адамдардың бір-біріне қажет екендігін түсіндім. Кейде біз үшін қарапайым дүниелер кейбіреулер үшін бір күндік болса да бақытқа баланады екен».
Сондай-ақ, Павлодар облысының еріктілері «Ең үздік волонтерлік ұйым» номинациясының иегерлері атанды. «Болашақ» волонтерлік орталығы және «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС Жастар кеңесі алтын мен қолаға лайық деп танылды.
Салтанатты кездесуге Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. «Жүлделі орындарға ие болсын, болмасын барлық еріктілер өз еңбектерінде жеңіске жеткен азаматтар. Өйткені, олар өз еріктерімен, жүректерінің қалауымен қоғамға қызмет етіп келеді. Олар – шынайы да жайсаң жандар. Сіздердің әрқайсыларыңыз жоғары марапат пен қолдауға лайықсыздар», – деді министр.