Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қорының студенттік шәкіртақысы сарапқа түскен байқаудың комиссиясының шешімімен Меруерт Шукуева, Павел Граф, Әлия Лаубай, Юлия Тарасова, Алтын Амангелдинова және Әділхан Қасымов жеңімпаз атанды.
Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері өздерінің жоғары академиялық көрсеткіштерімен қоса университеттің қоғамдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жетістіктерін, сондай-ақ, студенттер мен оқытушылар арасындағы беделдерін доданың екі кезеңінен тұратын іріктеуінен оза шауып бекітті.
Болашақ тілші Меруерт Шукуева оқуы мен мамандығы бойынша жұмысын тамаша ұштастырып келеді.
«Орындаушылық өнер» кафедрасының студенті Павел Граф фортепиано бойынша халықаралық музыкалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанған.
Ал, гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Алтын Амангелдинова – ЭКСПО-2017 халықарлық көрмесіне дайындық орталығының еріктісі. Бүгінгі күні Алтын Эразмус+ бағдарламасы бойынша Чехияда білім алып жүр.
Волонтерлік жұмысты өзіне серік еткен тағы бір белсенді жас – сәулет-құрылыс факультетінің студенті Әлия Лаубай да жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әлия бұл жұмыспен 11 жасынан бері айналысып, көптеген әлеуметтік іс-шараларға қатысуды өмірінің мәні санайды.
«Шәкіртақы иегерлері қатарында болғаным – мен үшін зор мәртебе. Бірінші кезекте, 30 жеңімпаздардың ішінде С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің алты бірдей студенті аталғаны – университетіміз үшін үлкен жеңіс. Осындай қорлар жастардың белсенді болуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, мақсат қойып, оны игеруіне жол салып береді», – дейді Әлия.
Студенттерге шәкіртақы иегерлерінің куәлігі және төсбелгілері 2016 жылғы 18 қараша күні Алматы қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде табысталады.