С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері үнді суретшісі Рам Виранжанмен кездесті.
Кездесу Павлодар көркемсурет музейінде өткен үнділік суретші және павлодарлық акварель шебері Светлана Кравченконың «ARTflight» көрмесі күндері аясында өтті.
Светлана Кравченконың айтуынша, суретшілердің бұл шығармашылық көрмесі оның «Акварель үйлесімі – 2015» І халықаралық көрмеге (Нью-Дели, Үндістан) қатысудың арқасында жүзеге асты.
Курукшетр университетінің көркемсурет бөлімінің профессоры Р. Виранжанның жұмыстарында үнді өнерінің дәстүрлі және заманауи стилистика элементтері ұштасып жатады. Оның шығармашылығына эмоционалды әрі философиялық толықтық және ұлттық ерекшелік тән.
Қонақ назарына ПМУ студенттерінің дипломдық жұмыстары ұсынылды. Студенттердің әртүрлі жанрдағы және әртүрлі техникалы – кескіндеме, графикалық натюрморттар, портреттер мен автопортреттер, декоративті панно және т.б. еңбектері көрсетілді.
«Мұндай кездесулерде біздің студенттеріміз бен жас суретшілер шеберлердің шығармашылығымен танысу арқылы оларға еліктеп, шеберлердің қабілеттері, тың ойлары мен жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік алады, – деді сәулет және дизайн кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к. Л. Булыга.
Сондай-ақ, кездесу барысында студенттердің үздік жұмыстары көркемсурет, графика, жобалау, т.б. номинациялар бойынша марапатталды.
Шара соңында академиялық жұмыс жөніндегі проректор Гаухар Ахметова өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Келісім академиялық ұтқырлық бағдарламасының өзара ықпалдасытығын жүзеге асыруды және ұйымдастыруды көздейді. Бағдарламаға университеттің студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері қатыса алады. Гаухар Ғалымқызы өз сөзінде бірлескен қазақстандық-үндістандық жобалардың кең өріс алуы үшін қазақстандық мамандарды даярлау қажеттігіне баса көңіл аударды.
Ғылым және білім айырбасы шеңберінде олар тағлымдамадан, тәжірбиеден өту, халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізу мүмкіндігіне ие болады.