С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Туристік индустрияның дамуының қазіргі кездегі мәселелері (аймақтың қонақжайлылық саласында)» ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірбиелік онлайн-конференциясы өтті.
Алтай мемлекеттік университеті (Барнаул қ.) ұйымдастырған ғылыми шара Барнаул, Калининград, Томбы және Павлодар ғалымдарының басын қосты.
Еске сала кетейік, 2015 жылдың қарашасында Павлодар облысындағы Алтай мәдениеті күндері шеңберінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Алтай мемлекеттік мәдениет институты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл келісімнің негізінде студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің тағлымдамадан, тәжірбиеден өтуіне, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жасауына, халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруына жол ашылды.
Ғылыми кездесуде ғалымдар туризмнің өзекті мәселелері мен бағыт-бағдарын, сондай-ақ, туристік аймақтың қалыптасуына қонақжайлылықтың тигізер ықпалы турасында талқылады. Мамандар біріңғай Еуразиялық экономикалық кеңістіктің қалыптасуын ескере отырып, жаңа экономикалық жағдайда өңірлік қонақжайлылық саласының даму стратегиясын зерттеуді басты нысанаға алды. Және де жиылғандар өңірлік қонақжайлылық саласы үшін әртүрлі деңгейдегі кадрлар дайындау мәселесін де саралап шықты.
П.ғ.к., қауымд. профессор Динара Есімованың жетекшілік етуімен орындаған Юлиана Сысоева мен Әмір Амангелдиновтың жұмыстары ресейлік әріптестердің жоғары бағасына ие болды.
Конференция соңында мамандар туризм индустриясы шет тілдерін білетін, ІТ технологияларды игерген білікті мамандарға мұқтаж деген түйінге келді. Халықаралық конференция қатысушылары жұмыстарын туристік индустрияның дамуы жаңа сапалы қызметті қалыптастырумен тікелей байланысты деген шешіммен қорытындылады.