С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Журналистика» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің VІІ Республикалық пәндік олимпиадасында үшінші жүлделі орныды иеленді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен пәндік олимпиадада журналист мамандарды даярлайтын еліміздің 13 жоғары оқу орнынан келген студенттер бақтарын сынады.
Сынға С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып жүрген екінші курс студенттері Даниял Нығметолла, Дина Анасова және Ақмарал Ерманат түсіп, жалпы командалық есепте үшінші жүлделі орынды иеленді.
Студенттер олимпиаданың бірінші кезеңінде тест тапсырмаларын үздік орындап шықты. Ал екінші шығармашылық тапсырмалар кезеңінде «Үздік фото», «Үздік бейнесюжет», «Үздік онлайн жарияланым» номинацияларында да жүйріктігін танытты.
«Ең үздік бейнесюжет» турында С. Торайғыров атындағы ПМУ командасының жұмысы ерекшеленіп, жоғары бағаланды. «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» тақырыбына арқау болған олардың еңбегінде жастардың арасындағы ауызбірлік пен қиындықта қол ұшын беру қасиеттері турасында баяндалды. Ал «Ең үздік фото» кезңінде студенттердің түнгі Керекудің кербездігін қас қағым сәтте түсірген 20 фотолары әділ қазылардың оң бағасына ие болды.
Команда мүшесі Ақмарал Ерманаттың айтуынша, жас журналистер додасында кәсібилікпен қатар, жұмыстардың жылдам әрі сапалы болуына мән берілді.
Команда жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Елікбайдың мәлімдеуінше, биылғы жылғы олимпиадада студенттердің кәсібилік деңгейі басты назарда болды.
– Жалпы олимпиада тартысты өтті. Кәсіби мамандардан тұратын әділ қазылар алқасы шығармашылық байқауда біздің топтың жұмысына жоғары баға берді. Өйткені, «Кереку күні» деп аталатын тобымыздың жас журналистері бар жұмыстарын ғаламтордан көшірмей, өздері жасап шықты. Өз туындыларын 14 ақпараттық сайттарға жариялады.
Мұнымен қоса, команда жетекшісі студенттерінің олимпиадада сынға түсу арқылы өз кәсібіндегі жаңалықтарды игеріп, кәсіби тәжірибе жинап келгенін жеткізеді.