С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулинаның 50 жылдығына арналған «Сөз өнері және тілдік таным табиғаты» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Айман Зйнулина – Ы. Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, МАИН академигі, С. Торайғыров атындағы Алтын медаль иегері, ҚазМемҚызПУ дамуына қосан үлесі үшін мерейтойлық «Құрмет» медалінің иегері.
Айман Зейнулина өзнің кандидаттық диссертациялық жұмысын қазақ әдебиетіндегі тың тақырыптардың бірі – Алаштың ардақты ұлы Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылығына арнады.
ММұнымен қоса, ғалымның қолдауымен 2009 жылы Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің жанында «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығы ашылды. Қазіргі таңда Айман Файзоллақызы курс жетекшісі ретінде орталықта Ресейдегі қандас бауырларымыз бен қазақ тілін үйренемін деушілерге де ана тілімізді оқытып келеді.
Бүгінде Айман Зейнулинаның 3 монографиясы, 5 оқулығы, 3 оқу әдістемесі, 1 электронды оқулығы және 200 ғылыми мақалалары жарыққа шыққан. Сондай-ақ, 2011, 2012, 2013 жылдары ҚР БҒМ ҚАЗТЕСТ-ті жасаудағы ғалымның сарапшы ретіндегі еңбегін ерекше бағалауға болады.
Конференция жұмысы ғалымның «Қазақ қызы», «Сөз өнерінің шебері», «Ұлы Дала перзенті» екеніне айғақ болатын арнаудан бастау алды.
Жас ақын Абзал Қабдраш Айман Файзоллақызына жыр арнау айтып, жиылғандарды бір серпілтіп тастады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз құттықтау сөзінде ғалымның қашанда ана тіліне жанашырлық танытып, өзекті тақырыптарға өз үнін қосып, қай ортада болса да, қазақтың тілін, ділін әспеттеп жүріп, халықтың шын ықыласына бөленген жан екенін ескеріп өтті.
– Қазақ жазушыларының өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеген жұмыстарыңыз бен мемлекеттік тілді оқыту мәселесі туралы жазылған зерттеу еңбектеріңіз ғылым әлемінде өзіндік ерекше орны бар, – деп ғалымның еңбектеріне оң бағасын берді университет басшысы.
Кеш барысында мерейтой иесінің өнегелі өмірі мен мағыналы еңбек жолы паш етілген бейнефильм көрсетілді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Ж. Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологияларының ғылыми–практикалық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еңілік Жұматаева Айман Зейнулинаға ұстаздық ақ пейілін жеткізіп, шәкіртінің бала күнінен ерекше дарынды да талапты болғанын айтады.
Филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы өз баяндамасында Айман Зейнуллинаның жұмыстарын саралай отырып, ғалым еңбектерінің даралығы мен даналығына аса зор мән берді.
Бүгінгі мерейтойлық кездесуде ғалымның жолдастары, әріптестері мен шәкірттері Айман Файзоллақызына жүрекжарды лебіздерін арнап, құттықтауларын жеткізді. Олар оның көп жылғы еңбектері мен тың жұмыстарына баға беріп, жеке басының адамдық қасиеттерін аша түсті.
Сондай-ақ, конференция барысында көпшілік назарына «Сөз өнерінің сардары» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Сонымен бірге, ғылыми кездесуде Айман Зейнулинаның білім мен ғылым саласында жарық көрген «Білім көкжиегінде» атты кітаптар жинағының тұсауы кесілді.