Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы – Қазақстан Республикасы: мемлекеттіліктің қалыптасу, сабақтастық және даму мәселелелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Конференция жұмысына ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, т.ғ.д. Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология, этнология және музеология» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Аманжол Қалыш, Тарихшылардың ұлттық конгресінің ғылыми хатшысы, т.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Зиябек Қабылдинов қатысты.
Ғылыми шараның модераторлық қызметін С. Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Арман Ақышев атқарды. Оның айтуынша, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бұл халықаралық ғылыми конференция ең алдымен студенттік жастардың патриоттық сезімдерін арттыру мен қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған.
– Біздің ортақ мақсатымыз – өткенді еске түсіре отырып, тарихи ұлы тұлғалардың ерліктерін насихаттап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, болашаққа бағдар беру, – деді Арман Айтмұхаметұлы.
Пленарлық отырыста Берекет Кәрібаев Қазақ хандығы құрылуының өзекті мәселелері жөнінде сөз қозғап, конференцияға қатысушыларды Қазақстан жеріндегі мемлкеттіліктің қалыптасуы, сабақтастығы және даму мәселелелері төңірегінде тың деректерге қанық етті.
Өз баяндамасында тарихшы Аманжол Қалыш қазақ халқы құрамындағы ру-тайпалар туралы терең әңгіме қозағап, қазақтың тайпалық құрамын саралап берді. Мұнымен қоса, Аманжол Боранбайұлы С. Торайғыров атындағы ПМУ кітапханасына Қазақ тарихынан сыр шертетін кітаптар мен монографиялар сыйға тартты.
Сондай-ақ, профессор Зиябек Қабылдинов көпшілікпен Қазақстан аумағындағы мемлкеттіліктің мың жылдықтар бойғы тарихы мен оның Ресей имперясы ықпалымен ыдырауы туралы дәйекті деректерімен бөлісті. Зиябек Ермұханұлы университет кітапханасына тарихи құнды еңбектер сыйлады.
Пленарлық жиын С. Торайғыров атындағы ПМУ тарихшылары – т.ғ.к., «Қазақстан тарихы» кафедрасынң меңгерушісі Зулейха Марданованың Павлодар өңірі тарихи ғылымының заманауи трендтері және т.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ доценті Қайрат Батталовтың Қазақ хандығы тарихының өзекті мәселелері туралы баяндамаларымен жалғасты.
Конференцияның секциялық отырыстарында көшпенді мемлекеттілік мазмұнындағы Қазақ Даласының тарих, археология және этнологиясының өзекті мәселелері, Қазақ хандығынан Қазақстан Республикасына дейін: саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдениеттілік аспектілері және Қазақ хандығы және «Мәңгілік ел»: этниканың ұлттық өзіндік мазмұны және қазақстандық патриотизм мәселелері секциялары бойынша қазіргі ғылымның түрлі салаларының өзекті мәселелерін қарастырды.
Конференция жұмысы барысында көпшілік назарына «Қазақ хандығы – ұлттық мемлекеттіліктің бастауы» атты кітап көрмесі ұсынылды.