С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті білім алушыларына белгілі халықаралық сарапшы, профессор, Оксфорд университетінің Көшбасшылық және мемлекеттік саясат бағдарламалары жөніндегі директоры Алан Хадсон дәріс курстарын оқыды.
Сонымен қатар, С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев пен Оксфорд университетінің Көшбасшылық және мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Алан Хадсон өзара ынтмақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл құжат негізінде Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары мен қызметкерлері Оксфорд университетінде біліктіліктерін жетілдіріп, магистранттар мен докторанттар Көшбасшылық және мемлекеттік саясат бағдарламасы бойынша Оксфорд университетінде тағылымдамадан өте алады. Бұдан өзге, С. Торайғыров атындағы ПМУ-да Оксфорд университетінің ғалымдары дәріс оқып, семинарлар өткізіп, аспиранттарға кеңес беруге шақыртылады.
Хадсон мырза – әлуметтану мен заманауи тарих пәндерін оқытуда және Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістан, Латын Америка елдері мен басқа мемлекеттердің жоғары лауазымды қызметкерлері және жетекшілерімен жұмыс жасауда тәжірибесі мол маман. Сондай-ақ, ол Шанхайдағы Фудань университеті, Шанхай көлік университеті мен Қытайдың жоғары басқарма қызметкерлері үшін көшбасшылық Пудун академиясының (CELAP). шақыртылған профессоры.
Шетелдік ғалым С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына шетелдік мамандарды шақыру» бағдарламасы шеңберінде «Әлуметтану», «Философия», «Мәдениеттану» мамандықтары бойынша білім алып жүрген магистранттарға дәріс оқыды.
Алан Хадсон мырза өз дәрістерінде қоғамдағы әлеуметтік алауыздықтың алдын алу, өзгермелі әлемдегі көшбасшылық, жаһанданған әлемдегі өмір сынды тақырыптарды арқау етті.
Алан Хадсон өз сөзінде Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттарының білімге құштарлығын бағалап, олардың халықаралық деңгейде зор жетістіктерге жетелейтін мүмкіндіктері барын атап өтті.
– С. Торайғыров атындағы ПМУ білім алушыларының жан-жақты ізденісте жүріп, тануға, білуге құмартуы оларды Оксфорд сынды жаһандық жоғары мектепте білім алуына әрине, жол сала алады. Өйткені, университетте білім алушылардың халықаралық білім беру талаптарына сай білім алуға, жан-жақты дамуға, шетелдік ғалымдардың дәрісін тыңдауға, әлемнің үздік университеттерінде оқуына және ғылыми ізденіс үшін барынша жағдай жасалған, – деді шетелдік дәріскер.
Филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор Майра Қожамжарова шетелдік әріптесінің жұмысын оң бағалап, алдағы уақытта Оксфорд университеті мен Павлодар мемлекеттік университеті арасындағы білім–ғылым ынтымақтастығы арта түсетініне сенімді.
– Шетелдік дәріскерлерді университетке шақырту арқылы университет білім алушылардың білім сапасын арттырып қана қоймай, халықаралық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды мұрат етіп отыр, – деп ойын түйіндеді Майра Жанайдарқызы.