2014 жылдың 16 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да АҚШ Кент мемлкеттік университетінің Журналистика және коммуникация мектебінің халықаралық кеңесші-оқытушысы Карл Айдсвуг профессорлық-оқытушылар құрамы мен Журналистика, Әлеуметтану және саясаттану кафедраларының студенттерімен кездесті.
Карл Айдсвуг – АҚШ мемлекеттік департаменті, Халықаралық журналистика орталығы, «Интерньюс», «Еркін Азия» мен IREX радиосы үшін масс-медианы дамыту бойынша тренингтік курстарды өткізуші, мультимедия саласындағы әмбебап кеңесші.
Ол Тбилисидегі Кавказ журналистика мектебі үшін радио хабар тарату бойынша оқу бағдарламасын дайындап оқытқан. Ал, Арменияда Ереван мемлекеттік университетіндегі журналистиканы оқыту бағдарламасын жасауға атсалысқан маман.
Карл Айдсвуг журналистік зерттеу жұмыстары үшін Колумбиялық университеттің «Дюпон» марапатына ие болған. Сондай-ақ, ол денсаулық сақтау, білім беру саласын насихаттағаны, онлайн-журналистика саласындағы еңбектері үшін де марапаттарға қол жеткізген.
Шеберлік сыныбының ұйымдастырушысы журналистика кафедрасы. Кездесуді ашқан С.Торайғыров атындағы ПМУ Журналистика кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қырықбай Алдабергенов мұхит асып келген қонақты көпшілікпен таныстырды.
Карл Айдсвуг С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттер мен оқытушыларына жаһандық және жергілікті шолуға ден қоя отырып тренинг өткізді. Ол студенттерге интерактивті тарихи өнімдерді жеткізу үшін жаңа медиа жасауды, мультимедиалық құралдарды пайдалана отырып ақпаратты ұсыну жолдарын, сонымен қоса, масс-медия нарығында дайын өнімді шығару жолдарын үйретіп, әлеуметтік желілерде интерактивті тарихи деректерді орнықтыру жолдары туралы келелі кеңістерінен аянып қалмады.
«Бүгінгі журналист мультимедиалық бағытты ұстануы тиіс. Тек хабарды ұсынушы ғана емес, яғни өзі оператор, өзі монтажер, өзі фотограф сияқты жұмысына қатысты мамандықтардың бәрін игеруге міндетті», - деп қада айтты Карл Айдсвуг.