2013 жылдың 6 мамырында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің концерт залында университет студенттерінің бастамасымен 18 жасар Алина Сафронваның ота жасауына қажетті қаржыны жинау мақсатында қайырымдылық концерт ұйымдастырылды.

 

Шараның мақсаты – айықпас дертке шалдыққан балалардың мәселесіне жұртшылықтың назарын аударту және студенттерді салауатты өмір сүру салтына шақыру.

Концерт барысында көрермен «Соль мажор», «Голос за кадром» музыкалық топтардың, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бишілер мен әншілерден құралған жастар шығармашылық топтарының өнеріне тәнті болды.

Сонымен қатар, концерт шеңберінде павлодарлық қолөнершілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Алина сәби кезінен балалар церибральді паралич сырқатымен күресіп келеді. Өкінішке орай, дәрігерлердің ем-домы нәтижесіз. Алайда, Новосібір және Омск қалаларының дәрігерлері науқас қызға ота жасауға дайын екенін айтқан. Алинаның ата-аналары отадан кейін қыздарының сауығып кетеріне сенімді. Бүгінде ота жасатуға қажетті қаражаттың болмағандығы ата-анаға қол байлау болып отыр.

Қайырымдылық концерттен кейін жиылған қаржы Алина Сафронованың отбасына табыс етілді.