2013 жылдың 29 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ««Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның вице-президенті Айгүл Надирова Молдақынқызы мен 1 категориялы менеджер Гүлзат Асанбаевамен студенттер, магистранттар және оқытушылар кездесті.
Айгүл Молдақынқызы ҚР Президенті халықаралық «Болашақ» стипендиясының презентациясын ұсынып, бағдарламаның өзгертулері, стипендияға үміткер ретінде байқауға қатысу үшін құжат қабылдау мерзімі, аталмыш байқауды өткізудің осы жылғы ережелері және «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру шарттары жайында сөз қозғады.
Бұл кездесудің мақсаты – білім саласындағы ауқымды жобаның кең етек жаюы, ел жастарының заманауи халықаралық стандартқа сай сапалы білім алуына жол ашады, - деді Айгүл Надирова.
Кездесуге қатысқандар «Болашақ» бағдарламасы төңірегінде білім алу сапасы мен шарттары, еңбекпен қамтылу сияқты мазалаған сұрақтарына жауап алды.
Ал, студенттер Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа елдерінде білім алғысы келетіндіктерін де жасырмады.
Осы жылы «Болашақ» бағдарламасы жиырма жылдық мерекесін тойлауда. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы аясында елдің дарынды да білімді өскелең ұрпағына шетелдерден білім алып келуіне зор мүмкіндік туғызып отыр. Уақыт өте «Болашақ» стипендиялы бағдарламасы түлектерінің қызмет сатысындағы өсуіне кепіл бола білген бірден-бір жоба екеніне көзіміз жетті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттің дамуына сай жобаның модернизациялауын үздіксіз жасап келеді. Осылайша, 2011 жылы «Болашақ» стипендиясының 2015 жылға дейін даму жоспары қабылданады. Бұл жолғы жоспардың негізгі нысанасына магистрлер мен PhD докторларын дайындау көзделді.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті биылдың өзінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімді 21 адамды шетелге шығарып салды.