Торайғыров университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінде осыдан 17 жыл бұрын қызмет барысында қаза тапқан полиция қызметкері Фарид Қақабаевты еске алу шарасы өтті.

2008 жылы Қашыр аудандық ІІБ-нің учаскелік инспекторы Фарид Қақабаев құқық бұзушының ізіне түсті. Сол сәтте қашқан адам ауылдағы ғимараттардың бірінде өрт сөндіру баспалдағы арқылы төбеге көтеріліп, полицейді бетон плитасына итеріп жіберген. Жарақат алған тәртіп сақшысы ауруханада көз жұмды.

 

Алғыс айту күні қарсаңында Торайғыров университетінің студенттері мен оқытушылары Фарид Қақабаевтың ерлігін еске алды. Полицейдің құрметіне арналған шараға келгендердің қатарында оның қызы Салиха Қақабаева болды. Ол қазіргі уақытта журналистика мамандығы бойынша білім алуда. Университетке келген Павлодар полиция басқармасының қызметкерлері студентке әкесінің ізін қуып, құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге шақырды.