Торайғыров университеті мен Облыстық полиция департаментінің серіктестігі аясында заттай айғақтарды зерттеу және тәркілеу бойынша тәжірибелік сабақтарды жүргізуге арналған арнайы жаттығу кешені ашылды. Жаңа кабинеттің іске қосылуы Қазақстан Республикасы ІІМ тергеу органдарының 60 жылдығына орайластырылды.
Криминалистік полигон екі секциядан құралған. Оқу кабинетінде оқиға орнын визуалды форматта қарап, оқу кейстерін зерттеуге болады. Сонымен қатар, фотороботпен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұл бөлмеде түрлі қылмыстарды «жасап», тергеу амалдарын жүргізуге болады.
- Полигон – ірі криминалистік кешен құру жолындағы алғашқы қарлығашымыз. Болашақта біз жол-көлік оқиғаларына арналған көшенді жабдықтап, тергеуші кабинетін ашуды жоспарлаудамыз, - дейді Құқықтану кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Серік Жетпісов.
Ашылу салтанатына Облыстық полиция департаменті мен прокуратура өкілдері қатысты. ToU ректоры Еркін Садықов құқық қорғау органдарына қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
- Жеке криминалистік полигонның пайда болуы – Торайғыров университеті үшін айтулы оқиға. Біздің мақсат – әр түлегіміздің білікті маман болып шығуына сеп болу. Ал тергеушілер мен криминалистер міндетті түрде жоғары білікті маман болуы шарт. Полигон жастарға кәсіби тұрғыдан дағдыланып, құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге сеп болатынына сенімдімін, - дейді ректор.
ЖОО-ның құрметті қонағы, аймақтық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр студенттер мен оқу орнының өкілдерімен кездесу барысында Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету концепциясы жобасын жүзеге асыру туралы айтып берді. Құжат алдағы бес жылға шақталған. Жоба бойынша тергеу органдарының жұмысын оңтайландыру қарастырылған.
Кездесу барысында Еркін Садықов пен Василий Скляр ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Қос тарап соңғы жылдардағы табысты атқарылған жұмыс үшін бір-біріне алғыс хаттар табыстап, құқық мамандарын даярлауға дайын екендіктерін жеткізді.