Павлодар облысында колледж студенттері арасында ветеринарлық медицина бойынша пәндік олимпиада аяқталды.


 

Қатысушылар екі күн бойы теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын паш етті. Торайғыров университетінде өткен бірінші турда студенттер салалық пәндер бойынша тест тапсырмаларын орындады. Екінші тур Ertis ЖИАК клиникасының базасында ұйымдастырылды. Жастар клиникалық диагностика, еттің ветеринарлық-санитарлық сараптамасы және хирургия бағыттары бойынша тәжірибелік білімдерін ортаға салды.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: Татьяна Котлярова бірінші орын мен ЖОО грантына ие болды. Екінші орынды Дариға Хабылбай жеңіп алды. Студент оқу орнында 50%-дық жеңілдікпен оқи алады. Ал үшінші орын тұғырынан Адина Калмаханова көрінді. Ол оқуда 30%-дық жеңілдікке ие болады.
Айта кетейік, Торайғыров университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдары факультеті «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық университетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Колледж студенттері арнайы орта білімдерін тәмамдаған соң ветеринарлық медицина факультетінде оқи алады.
ЖОО өткізетін жыл сайынғы олимпиада жастарға оқуға жеңілдік пен ректор грантын ұтып алуға мүмкіндік береді.