Қалайша қазақстандық колледждерді прогрессивті етуге, ал олардың түлектерін әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті етуге болады? Бұл сұрақтың жауабын ToU өкілдері қатысқан колледждердің альянсы мен ERG-дің бірінші форумының қатысушылары іздеді.
Техникалық және кәсіби кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту үшін ERG компаниялары қатысатын өңірлерде жұмыс істейтін колледждермен одақ құруға шешім қабылдады. Альянсқа Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарынан 14 оқу орны кірді. Осы ауқымды одақтың бірінші форумының құрметті қонақтары Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Еуразиялық Топтың акционері Александр Машкевич болды.
Ақсу қара металлургия колледжінде өткен кездесуде ТжКБ саласындағы трендтер мен даму мүмкіндіктері талқыланды. Диалог алаңында университет ректоры Еркін Садықов сөз сөйледі. Ол форум қатысушыларымен инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу тәжірибесімен бөлісті. Бұл жұмыс білім беру жүйесіне өзекті кәсіптер мен мамандандыруларды енгізу мақсатында бастамашылық еткен өңірлік «Жаңа кәсіптер атласын» енгізудің нәтижесі болды.
- Біз жастардың инновациялық білім беру бағдарламаларына қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Осы оқу жылында басталған осындай екі бағдарлама бойынша қабылданған студенттер саны екі есеге жуық өсті. Инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде алдымызға қойған міндетіміз - оқушыларымыздың одан да сапалы білім мен құзыреттілікке ие болуы, - деп атап өтті ToU басшысы.
Сондай-ақ Еркін Садықов Торайғыров университетінің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығы өте маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі таңда оқу уақыты барлық адамдар үшін үлкен маңызға ие екенін ескере отырып, университеттегі серіктес колледждер үшін қысқартылған білім беру бағдарламалары қарастырылған.