Торайғыров университетінде «Көптілділік және мәдениетаралық коммуникация: тәжірибе, мәселелер, перспективалар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

 

Ғылыми пікірталасқа алыс-жақын мемлекеттердің жетекші филолог-ғалымдары қатысты (Түркия, Қырғызстан, Ресей, Беларусь).

 

ToU ректоры Еркін Садықов қазіргі заманда тілдерді білу кез келген маманның кәсіби құзыреттілігінің міндетті компоненті екенін тілге тиек етті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін тілдер мен әдебиетті меңгеріп, көптілді білім беру ортасында болған жөн. 

 

«Отандық және шетелдік әріптестеріміз мәдениаралық қарым-қатынастар мен олардың әлеуметке әсерін тереңнен зерттеп жатыр. Қоғамымыздың дамуы, туған тіл мен шетел тілін меңгеруді балалық шақтан бастаған жөн. Өзге халықтың мәдениеті мен дәстүрлеріне деген сый-құрмет те бала кезден басталуы керек. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемге үлгі. Еліміз мультимәдениеттің мемлекеттік эталоны болып саналады», - дейді спикер. 

 

Конференция жұмысы  аударма мәселелері, мемлекеттік тіл, білім берудегі полимәдениет қағидаттары тақырыптарына арналған секцияларда жалғасын тапты.

 

Конференция материалдары бойынша ғылыми мақалалар жиынтығы басылып шығарылмақ.