Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарымен Торайғыров университетіне барды. Мұнда аймақ басшысына университет ғалымдарының жобалары мен лабороториялық зерттеулердің нәтижелері таныстырылып, ғылыми қоғамдастықты мазалайтын мәселелер туралы айтылды.

  

Коворкинг-орталықта Әбілқайыр Сқақов Торайғыров университеті ғалымдарының бизнес жобаларымен және ғылыми әзірлемелермен танысты. Олардың қатарында тримарандар мен жеке қорғаныс құралдарының өндірісі, VR-қосымшалар жасау, органикалық косметика мен сұйық сабын әзірлеу, креативті жиһаз құрастыру және тағы да көптеген жобалар болды. Жергілікті IT-мамандар әскери кафедра үшін арнайы компьютерлік бағдарлама құрастырып шығарды. «Геотактика» деген атауға ие болған симулятор университететте бір жылдан астам уақыт қолданылып келеді.

- Әрине, симулятор тәжірибе сабақтарын толық алмастыра алмайды. Дегенмен, студенттерге қажетті білімді дәріс сабақтары емес, жастарға анағұрлым қызықтырақ ойын контенті арқылы беруді ұйғардық, - деп атап өтті университеттің әскери кафедрасының бастығы Болат Токин. – Егер, тыңдаушы өз тактикасын құрастырып, барлық техникалық және тылдық жұмыстарды есепке алмаса, ол шайқаста «қаза табады». Мұндай жағдайда студенттің қызығушылығы оянып, берілетін ақпаратты жақсы қабылдайды.

Аймақ басшысы білім алушылардың бәрі өздеріне қажетті ғылыми еңбектерді пайдалана алатын кітапханада да болды. Жақында кітапхана қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің жауһарларымен толықты. Жалпы алғанда кітапханаға 126 атау бойынша 15 мың дана кітаптар мен оқулықтар түсті.

Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің зертханасында облыс әкіміне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен байланыс туралы айтылды. Агроөнеркәсіптік кешен үшін түрлі зерттеулер жүргізетін жергілікті ғалымдар өз қызметін коммерциаландырып үлгерген. Олардың жобаларының қатарында мүйізді ірі қараны биотехнология арқылы тездетіп көбейту әдісі де бар. Ғылыми қызметкерлер осылайша сиырлардың сүт өнімділігін арттыруды ұсынып отыр.

- Сонымен бірге, біз картоп өсірушілерге егу материалын патогендерге тексеруді ұсынып отырмыз, - деп атап өтті университеттің қауымдастырылған профессоры Ирина Аникина. – Біздің мақтанышымыз - кез келген ғылыми орталықта кездеспейтін арнайы анализатор. Біз оның көмегімен картопқа түскен вирустарды анықтаймыз.

Computer Science факултетінің базасында Әбілқайыр Сқақовқа IT-мектепттің жобасы таныстырылды. Мұнда ақпараттық технологиялар мамандарын 14 жастан бастап даярлау мүмкіндігі бар. Бұл web-бағдарламалау, Python-бағдарламалау, Big Data-ен жұмыс істеу, толықтырылған 3D-шынайылық және т. б. қатысты.

- Біз мерзімі 2 айдан 12 айға дейінгі курстарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті факультет деканы Дария Әбікенова. – Бұл жұмыста біз «Жаңа мамандықтар атласы» мен ірі кәсіпорындардың сұранысын қамтитын боламыз. Қазір бізде 32 штаттық оқытушы мен 7 шақыртылған сарапшы бар. Әрине, біз ІТ саласында өз жобаларын жүзеге асыратын мамандармен де жұмыс істеуге әзірміз.

Сонымен бірге, аймақ басшысы «Өлкетану» университетінің кітап көрмесі мен жаратылыстану ғылымдары факультетінің зертханасымен де танысты. Дәріс аудиторияларының бірінде әкім Павлодар облысының жас ғалымдарымен сұхбаттасты. Ол қазіргі кезде ғылыми ой-таным экономикалық дамудың негізі екендігін еске салып, сондықтан, мемлекеттік органдар мен бизнес университеттермен және ғылыми қауымдастықпен тығыз әрекет етуі қажеттігін айтты.

- Біз бизнес, ғылым және биліктің синергиясына ұмтылуымыз керек, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Сондықтан, біз әріптестікке мүделлілік танытып, бір-біріміздің сұраныстарымызды қалыптастыруларымыз керек. Қазір мен мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялау міндетін қойып отырмын. Алайда, тек мемлекеттік аппаратта ғана көзқарасты өзгертумен нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Трансформация барлық деңгейде жүру керек. Сондықтан, жас ғалымдар біздің жоғарғы оқу орындарын трансформациялау ісінде алдыңғы қатарда болуы керек деп ойлаймын.

Кездесуге қатысушылар павлодарлық ғалымдарды толғандыратын сауалдарды қоюға мүмкіндік алды. Олар аймақ басшысының назарын ғылыми жобаларды қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламалардың жоқтығына аударды. Қазіргі кезде зерттеулер немесе әзірлемелері бар бастамашылар жергілікті қаржыға қол жеткізе алмай, өз жұмыстарын қаржыландыру үшін республикалық деңгейде ғана сайыса алады. Тағы бір нюанс кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындардың университеттермен әріптестік орнатудан қашқақтауына байланысты. Кездесуде іскери ұсыныстар да айтылды.

- Пандемия ғылымның дәрілік өсімдіктануға қосатын үлесін қайта қарауға мүмкіндік берді, - деді биологиялық ғылымдардың кандидаты Виктор Камкин. – Биыл біз Павлодар облысындағы дәрілік өсімдіктердің репродукциялық әлеуетін зерттеу жобасын аяқтап жатырмыз. Бұл зерттеулер өңірімізде дәрілік өсімдіктердің 192 түрі өсетінін көрсетті. COVID-19-ға қарсы препараттарды құрастырудағы өзге елдердің тәжірибесін зерттеу арқылы біз олардың кейбірін өңіріміздегі жабайы өсімдіктердің түрінен жасауға болатынын анықтадық. Зерттеу нәтижелері Павлодар облысында дәрілік өсімдіктер өсіру өз-өзін ақтайтынын көрсетті. Бұл саланы дамыту жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын құруға, соынмен бірге, еліміздің фармакологиялық нарығын дәрілік шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әбілқайыр Сқақов жергілікті атқарушы органдар мен жоо-ың тиімді әріптестігі үшін Жол картасын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, ол шенеуніктер мен ғалымдардың арасындағы диалогты белсендіру үшін салалық басқармаларды тиісті факультеттер мен кафедраларға бекітуді ұсынды.