«Елбасы медалі» – 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған ауқымды жоба.

Жастар «қола», «күміс» немесе «алтын» деңгейлерді таңдап, 6-12 айлық бағдарламаны бастайды. Осы уақыт аралығында қыз-жігіттер бес бағыт бойынша өз дағдыларын дамытады: спорт, таланттар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен сапарлар, еңбек тәжірибесі.

Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің студенті Данияр Рымбаев пен гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенті Данагүл Қуанова Елбасының қола медаліне ие болды.

 

Данияр Рымбаев жобаға қатысу барысында оқу озаты болуымен қатар, қайырымды істерге де қатысты. Ол және оның студенттік командасы Ақсу қаласында атқарған игі істерімен танымал.

«Көмекке зәру адамдарға қол ұшын беру идеясы әрдайым ұнайтын. Бірақ, бұл жұмысты «Елбасы медалі» жобасы бойынша жүйелі атқара бастадым. Сол сәтте қор ашып, волонтерлік идеяларды іске асырдым», - дейді Данияр.

Жас азамат достарымен бірге қайырымдылық қорын ашып, өрт кезінде үйсіз қалған отбасыға қаражат жинай бастады.

Сонымен қатар, жастар көпбалалы отбасыларға көмектесіп, азық-түлікпен қамтуда.

- Оқуда үздік болып, қайырымды істерді қатар жүргізуге болады. Жақсы адамдар көп. Жауапкершілікті өз мойнына алып, істі бастап кету керек, - дейді Данияр.