Бүгін, 2019 жылдың 15 шілдесінде ПМУ-де «Еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру - кәсіподақтық мүшеліктің маңызды мотивациялық факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а. М.М. Бегентаев, «Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық ұйымының төрайымы Д.Н. Айтжанова, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және аймақтың кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты - кадрларды даярлау барысында жұмыс берушілер, кәсіподақ және білім беру ұйымдарының бірыңғай байланыс стратегиясын әзірлеу. Шараның модераторы Д. Айтжанова өз сөзінде бұл мәселе маңызды екенін жеткізді, себебі, қазіргі таңда жетекші қоғамдық күштер, кәсіби одақтардың жұмысы жаңғырып жатыр. Павлодар облысында кәсіподақтардың мүшелік базасы 136 мың адамды құрайды, 1380 бастауыш кәсіподақ ұйым жұмыс істейді.
2019 жылдың 22 мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 10 қазанындағы №303 Қаулысымен кәсіби одақтардың күні бекітілгені белгілі. Кәсіподақ жұмысшысы ұғымы енгізілді. Келесі жылы Павлодар облысы өңірде кәсіподақ одақтары кеңесі құрылғанының 70 жылдығын атап өтеді.
1929 жылы облыстың тұз өндіру кәсіпорындарында бастауыш кәсіподақ ұйымдары болғаны және ұжымдық келісімшарт қабылданғаны тарихтан белгілі. Ең үлкен қоғамдық ұйым ретінде кәсіподақтар еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үрдісін бақылау және ұжымдағы моральдық-психологиялық климатты қалыптастыру міндеттерін атқарды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а. М. Бегентаев кәсіподақтардың қызметі ғылыми зерттеклерге арқау болу керектігін айтты. Осыған орай басқару және саясаттану кафедрасында алғаш рет кәсіподақтар кадрларын даярлау бойынша салалық магистратура ашылды. Оны тәмамдағандарға қоғамдық ғылымдар магистрі академиялық деңгейі тағайындалады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы мемлекеттік университеттің бастамасын қолдады. Төраға Б.Әбдірайым заң ғылымдарының докторы бола тұра бұқаралық дәріс оқуға дайын екенін айтып, үздік магистранттарға атаулы шәкіртақылар тағайындайтынын жеткізді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің т.ғ.к, профессор Т.Н. Зозуля, PhD докторы, ПМУ-дің қауымдастырылған профессоры Г.Т. Шамшудинова өз баяндамаларында ортақ қызметтің бағыттарын белгіледі. Сонымен қатар, жұмыс берушілер, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және білім беру ұйымдарының байланысын арттыру, кәсіподақ көшбасшыларын даярлау бойынша оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, негізгі және қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңартуды жалғастыру мәселелеріне тоқталды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша жұмыс берушілер, кәсіби және білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын кеңейту бағытында ұсыныстар әзірленді.